Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға, медицина қызметкерлерін қолдауға және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жарияланды.
Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.
Сонымен қатар жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Аталған бастамалар, ең алдымен, медицина мамандарын қолдауға және халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді, — деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар Жетісу облысында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 21 млрд теңге бөлінді.
Облыста іске асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Алакөл ауданында жаңа орталық аудандық аурухананың құрылысы. 200 төсектік медициналық мекеме 73 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, Жаркент қаласындағы перзентхананы реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы кезеңде өңірде бірқатар маңызды медициналық нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Талдықорған қаласындағы жаңа емхана, Ақсу және Кербұлақ аудандық ауруханалары, сондай-ақ Сарыөзек ауылындағы аурухана бар.
Жалпы, қолға алынған жобалар өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, ауылдық елді мекендердегі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.
Жұлдыз КЕНТБАЕВА





