Республика күніне орай TengriNews.kz порталы ұйымдастырған «Tengri Adam» онлайн-сыйлығының қорытындысы жарияланды. Қиын сәтте риясыз ерлік танытқан жандарды дәріптейтін жобаға 20 қазан мен 15 қараша аралығында 2 734 оқырман дауыс беріп, он үміткердің ішінен бес финалист іріктелді. Қазылар алқасының шешімімен небәрі бір дауыс басымдықпен Жетісу облысының тұрғыны, машинист Дәулет Өсербай бас жүлдеге лайық деп танылды.
Оқиға Сарыөзек — Үштөбе теміржол телімінде болған. Жүк пойызын тізгіндеген Дәулет Өсербай мен оның көмекшісі Әлішер Ізтілеу елсіз далада, теміржол бойымен жалғыз келе жатқан үш жасар баланы байқап қалады. Екі жақтағы ең жақын станцияларға дейін 5-6 шақырым қашықтық болған. Машинист ереже бойынша пойызды себепсіз тоқтатуға болмайтынына қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу үшін құрамды дереу тоқтатқан. Ол қатты қорыққан бүлдіршінді кабинаға алып, жұбатып, рация арқылы Айнабұлақ станциясының кезекшісіне табыстаған. Кейін Сарыөзектен келген анасы мен атасы баланы аман-есен алып кетті.
Гран-при иегеріне 2,5 миллион теңге табысталды. Айта кетейік, бұған дейін Дәулет Өсербай мен Әлішер Ізтілеу «Қазақстан темір жолы: Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын. 34 жастағы Дәулет 15 жылдан бері теміржол саласында еңбек етеді, Матай станциясында тұрады, екі баланың әкесі. Ал оқырмандар көзайымы жүлдесі Ертіске батып бара жатқан баланы құтқарған дзюдо жаттықтырушысы Тимур Рахымжановқа бұйырды.
Фотосурет TengriNews.kz порталынан алынды





