Жетісу облысында қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында лизинг арқылы әртүрлі сыйымдылықтағы 33 жаңа автобус сатып алынды. Жаңа көліктер облыстың бірнеше қаласы мен аудандарындағы тұрақты бағыттарға бөлінді.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, автобустардың 19-ы Талдықорған қаласына, 4-еуі Текеліге, 8-і Ескелді ауданына және 2-еуі Қаратал ауданына берілген.
Талдықорғанда қоғамдық көлік паркін жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жаңғыртудың алғашқы кезеңінде қалаға 2024 жылы отандық кәсіпорында өндірілген «Falcon Eurobus» маркалы 19 жаңа автобус жеткізілген. Қазіргі уақытта олардың барлығы №5 және №13 қалалық бағыттарда жолаушылар тасымалдауда. Оның 7-еуі бір бағытқа, 12-сі екінші бағытқа бекітілген.

Жаңа автобустардың пайда болуы қала тұрғындары үшін де жағымды жаңалық болды. Жолаушылар көліктің кеңдігіне, тазалығына және жайлылығына оң бағасын беріп отыр.
Әр автобустың ұзындығы – 12 метр. Көлік 70 жолаушыға шақталған, оның 30-ына отыратын орын қарастырылған. Сонымен қатар автобустар кондиционермен, дыбыстық және визуалды ақпараттандыру жүйесімен жабдықталған. Төмен еденді құрылымы мен арнайы пандустары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және қозғалысы қиын жолаушылардың көлікке мінуіне қолайлы жағдай жасайды.
Жаңа автобустардың тағы бір ерекшелігі – электр қуатымен жұмыс істеуі. Бұл олардың қозғалыс кезінде атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайтынын білдіреді. Толық қуатталған аккумулятор бір зарядпен 250 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Талдықорғанда маршруттық желіні оңтайландыру жұмыстары да қолға алынған. Бұл шаралар автобустардың өткізу мүмкіндігін арттыруға, аялдамаларда күту уақытын қысқартуға және қарбалас сағаттардағы жолаушылар жүктемесін азайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда қалада 27 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді. Оларға 200-ден астам автобус қызмет көрсетеді. Алдағы 2–3 жыл ішінде Талдықорғандағы автобус паркін толық жаңарту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары облыстың басқа қалалары мен аудандарында да жалғасын табады. Бұл бастама жолаушылар тасымалының сапасын арттырып, тұрғындарды заманауи, қауіпсіз әрі жайлы көлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Фотограф: Олжас Құрмашев





