Жетісу облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыруға арналған кеңейтілген кездесу өтті. Талдықорған қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылған бұл басқосуда жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы, шаруаларға қолжетімді несие беру және кәсіпкерлікті қолдау сияқты өңір дамуына серпін беретін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков қатысып, өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, Жетісу жұртшылығының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жоспарланған шараларды түсіндірді.
Кездесуде сөз алған ҚР Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова жарияланған Жалпыұлттық құрылыс жылы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, инфрақұрылымды жаңғыртуды және халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды тұрғызуды қамтитынын атап өтті. Депутат өңірлерге жасаған сапарлар барысында ерекше қажеттігі бар балаларға арналған оңалту және түзету орталықтары мен спорт алаңдарының жетіспеушілігі байқалғанын айтып, әрбір жаңа нысан халықтың күнделікті өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін айтты. Сонымен бірге ол өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту аясында парапланеризм алаңына апаратын айналма жол салу шешімі қабылданғанын және Алакөл маңындағы Жетісу мен Абай облыстарын байланыстыратын жолдың проблемалық учаскесінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жиынның маңызды бөлігі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова өткен жылы өсімдік шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыруға 1 триллион теңге бөлініп, шаруаларға егіс және егін жинау науқандарына дайындалуға үлкен қолдау көрсетілгенін айтты. Сондай-ақ ол биыл өңірде 13,5 мың гектар алқапқа егілген қант қызылшасын жаңғыртудан өткен Көксу және Ақсу қант зауыттары қабылдап жатқанын, ал Ақсу зауытының табиғи газға қосылуы өндірістік шығындарды азайтатынын атап өтті. Оған қоса, Жамбыл облысында қытайлық инвесторлармен бірлесіп құрылған кәсіпорын Жетісу шаруаларының жүгері өнімі үшін қосымша өткізу нарығын қалыптастыратыны, жеңілдетілген қаржыландыру аясында жоспарланған 100-ден астам тауарлы-сүт фермасының 71-і пайдалануға берілгені және субсидия алу рәсімдерін цифрландыру арқылы қағазбастылықты азайту жұмыстары жүріп жатқаны сөз болды.
Басқосуда Жалпыұлттық құрылыс жылы жергілікті кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып, құрылыс материалдары мен көлік қызметтеріне сұранысты арттыратыны, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға және бюджет түсімдерін ұлғайтуға ықпал ететіні айтылды. Осылайша, Достық үйінде өткен кездесуде Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер өңірдің нақты қажеттіліктерімен ұштастырыла талқыланып, барлық жобалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
(Ақпарат көзі: Жетісу облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
фототілші: Жұмабай Мұсабеков)





