Үштөбе қаласында он жылдан астам уақыт бойы қараусыз қалған диірмен комбинатын қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары басталды. Оның базасында заманауи агроөнеркәсіптік кешен құру жоспарланып отыр.
Жобаны «АгроКомлекс Уштобе» ЖШС жүзеге асыруда. Инвестицияның жалпы құны – 12 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2026–2028 жылдар. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қазіргі уақытта комбинат аумағында жөндеу және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, шатырды нығайту және электр кабельдерін тарту жұмыстары басталды.
Жоба үш кезеңнен тұрады. 2027 жылы жылына 300 мың тонна өнім өндіретін құрама жем өндірісін іске қосу жоспарланған. Одан кейін жылдық қуаты 150 мың тоннаны құрайтын май және тоңмай өндірісі жолға қойылады. Ал соңғы кезеңде, 2028 жылы жылына 150 мың тонна ұн өндіретін диірмен өндірісін толық іске қосу көзделіп отыр.





