Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында жалпы саны 100 пәтерді құрайтын екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі толық аяқталып, пәтер алуға өтінім қабылдау басталса, екіншісін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Атап айтқанда, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, «Отбасы банк» АҚ-ға тапсырылды. Қазіргі уақытта баспана алуға ниетті азаматтардан өтінім қабылдау жүргізілуде.
Тұрғын үй «5-10-20» бағдарламасы аясында беріледі. Пәтер алуға өтінімдер 2026 жылғы 2-13 қараша аралығында Baspana Market порталы арқылы онлайн қабылданады. Пәтерлер сатып алушыларға таза әрлеу күйінде ұсынылады.
Ал 40 пәтерлі екінші тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда ғимараттың шатыры жабылып, сыртқы бояу жұмыстары аяқталған. Нысан ішінде әрлеу, су және электр желілерін, желдету жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылу жүйесін іске қосу қараша айының соңына жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген.





