Текелі қаласының әкімі алдағы екі жылда қаладағы ауызсу мәселесін 90 пайызға шешу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бағытта су құбырларын жаңғырту және магистральдық желілерді қайта жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, Текелі қаласындағы жалпы ұзындығы 170 шақырымды құрайтын су желілерінің тозу деңгейі 86 пайызға жеткен. Соның салдарынан жүйеде апаттық жағдайлар жиі тіркеліп, ауызсумен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бүгінде қолданыстағы ұңғымалардан негізгі сүзгі станциясына дейін 16,5 шақырым су құбыры тартылды. Ал 2025 жылы басталған магистральдық желіні жаңарту аясында 9,8 шақырым желі салынды.
Биыл Ұлттық жоба шеңберінде «Алатау» және «Металлург» шағын аудандарындағы су желілерін жаңғырту басталды. Келесі жылы осындай жұмыстар «Достық» және «Горняцкий» шағын аудандарында жүргізіледі.
Ал 2027-2029 жылдары қала бойынша 182,9 шақырым су құбырын жаңартып, 10 мыңнан астам абонентті сапалы ауызсумен қамту көзделген.





