Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ескелді ауданында ауқымды сенбілік пен көгалдандыру акциясы ұйымдастырылды. Экологиялық шара аудандағы 11 ауылдық округті түгел қамтып, 33 елді мекенде бір уақытта ұйымшылдықпен өтті.
Айтулы бастамаға аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары, жергілікті тұрғындар мен жастар белсенді түрде қатысты. Сенбілік барысында мекемелер мен кәсіпорындар өздеріне бекітілген аумақтарды күрес-қоқыстан тазартып, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді.
Жалпыхалықтық іс-шараға 1130-дан астам ауыл тұрғыны өз үлесін қосып, 12 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде елді мекендерден 55 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылып, арнайы полигондарға жеткізілді. Оған қоса, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мен эстетикалық келбетін арттыру мақсатында аудан аумағында 570 түп жас ағаш көшеті отырғызылды.
Ауылдың тазалығы мен табиғатты қорғауға бағытталған бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.





