Талдықорған қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында республикалық үгіт-насихат тобының мүшелері — Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай мен Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті.
Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен маңызды іс-шараға 100-ден астам өндіріс қызметкері қатысты. Басқосуда елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары, өңірлік инфрақұрылым және еңбек ұжымының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында сөз алған Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай отандық өндіріс орындарының жаңа жұмыс орындарын құрудағы, тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз етудегі және бюджет түсімдерін арттырудағы стратегиялық рөліне ерекше тоқталды. Ол «Қайнар-АКБ» ЖШС өнімдерінің халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие болуы отандық өндірістің зор әлеуетін айғақтайтынын атап өтті:
«Қайнар-АКБ» – өңіріміздің мақтанышы. Өзіміздің туған жерімізде шығарылған өнімнің шетелде пайдаланылып жүргені қуантады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, азаматтардың табысы мен салық түсімдерінің көбеюіне ықпал етіп отыр. Сондықтан осындай кәсіпорындар дамуының ел экономикасындағы маңызы зор», – деді депутат.
ҚР Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усанова кәсіпорын тынысымен жеке танысып, өндіріс ошағындағы күрделі әрі жауапты жұмыстарды атқарып жүрген ұжымға, әсіресе әйелдер қауымына өз алғысын білдірді:
«Кәсіпорынды аралау барысында өндірістегі жұмыстың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін көрдім. Мұнда еңбек ететін 1200 адамның 45 пайызы әйелдер екен. Осындай ауыр жұмысты атқарып жүрген әйел азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға еңбектеріңіз үшін рақмет», – деп атап өтті ол.
Жиында облыстың көлік-логистикалық әлеуетін көтерумен қатар, Талдықорған қаласының инфрақұрылымын жақсарту мәселелері қарастырылды. Қатысушылар жол, су, газ және электр желілерін үздіксіз қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді ортаға салды.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі — кәсіпорын қызметкерлерін баспанамен қамту болды. Ұжым өкілдері қолданыстағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының талаптары жұмысшылардың табыс деңгейіне әрдайым сай келе бермейтінін айтып, қолайлы мүмкіндіктерді қарастыруды өтінді.
Бұл мәселеге қатысты Наурыз Сайлаубай ұжымға серіктестік пен «Отбасы банк» арасында бірлескен арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Ол мысал ретінде Хромтаудағы тау-кен кәсіпорнының банкпен ынтымақтастықта өз жұмысшыларына баспана алуға жағдай жасаған оң тәжірибесін келтірді.
Іс-шара соңында республикалық үгіт-насихат тобының мүшелері Наурыз Сайлаубай мен Руфина Усанова кәсіпорын жұмысшылары тарапынан қойылған барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.
- Ақпарат көзі: Жетісу облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
- Фотограф: Қанат Өмірәлинов





