Қоғамның қасіретіне айналған нашақорлық жыл өткен сайын тамырын тереңге жайып барады. Бір сәттік қызығушылықтың жетегінде кетіп, есірткінің еліктірер әсеріне ергендердің қатары көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе, синтетикалық есірткінің құрығына ілінген жастардың тағдыры алаңдатады. Кеше ғана алға қойған мақсаты мен асқақ арманы болған өрен, бүгін есірткіге тәуелділіктің тұтқынына айналуы мүмкін. Бір сәттік әуестіктің соңы орны толмас өкінішке ұласып, бүтін бір ғұмырдың астан-кестеңін шығарады. Ендеше, болашағынан үміт күттіретін жас буынды ғасыр дертіне айналдырған нашақорлықтан қалай қорғаймыз? Есірткіге қарсы күресте қандай шаралар нәтижелі болмақ? Бұл сауалдар бүгінгі қоғамды бейжай қалдырмауы тиіс.
Қаншама тағдырды талқандаған нәубетке жастардың көптеп шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең сорақысы күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, жастарды улауда. Жетісу облысының Полиция департаментінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 157 құқық бұзушылық тіркеді, оның 87-сі есірткі қылмысы болса, есірткі теріс қылықтары бойынша 70 дерек анықталды.
Заңсыз айналымнан 815 келі, 142-ден астам әртүрлі түрдегі есірткі заттары тәркіленді. 108 азаматтың 18-і есірткіні жасырумен айналысқан.
Бұл сандардың ар жағында адамдардың тағдыры, қаншама отбасылардың уайымы тұрғанын ескерсек, мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғару қиын емес. Құзырлы органдар заңсыз айналымның жолын кесуге күш салғанымен, оңай олжаға кенелуді көздегендердің қатары сиремей тұр. Ал олардың арбауына көбіне өмірлік тәжірибесі аз, ақшаға қызығып, жеңіл табысқа ұмтылған жастар түседі.
Полиция департаментінің мәліметінше, есірткі саудасымен айналысатындар интернет кеңістігін, әсіресе Telegram әлеуметтік желісін жиі пайдаланады. Заңсыз саудагерлер мен сатып алушылардың байланысы виртуалды кеңістікте жүзеге асады. Көп жағдайда мұндай қылмыстық әрекеттердің артында шетелде тіркелген аккаунттар мен жасырын тұлғалар тұрады. Осылайша, интернеттегі көрінбейтін сауда желісі есірткінің қолжетімділігін арттырып, құқық қорғау органдарының жұмысын күрделендіріп отыр.Бірі есірткі тасымалдап, екіншісі оны таратып, үшіншісі тұтынатын бұл заңсыз айналымның құрбаны көбіне жастар. Қомақты қаржы табамын деп алданғандардың бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылса, енді бірі есірткіге тәуелділіктің шырмауынан шыға алмай жүр
Жетісу облысы аумағында есірткі қылмыстарының алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
«Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан Денсаулық сақтау басқармасымен, Білім басқармасымен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, нашақорлықтың алдын алу және есірткі құқық бұзушылықтарын болдырмау бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттер арасында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың зияны, оларды тұтынудың денсаулыққа тигізетін кері әсері, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндіру кездесулері, дәрістер, семинарлар және профилактикалық сабақтар ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асыру мақсатында 1178 түрлі профилактикалық іс-шара өткізілді», — деді Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының міндетін атқарушы Ерасыл Ұзақов.
Басқарма басшысы, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткіге қарсы иммунитетті нығайту және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында спорттық жарыстар, акциялар, форумдар, ашық диалог алаңдары және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілетінін тілге тиек етті.
Профилактикалық жұмыстарға медицина қызметкерлері, педагогтер, психологтер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер және қоғам белсенділері тартылуда.
Бұдан бөлек, халық арасында есірткінің зияны туралы ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп, әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда түсіндіру материалдары тұрақты түрде жариялануда.
Жастар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда профилактикалық рейдтер өткізіліп, әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарға мониторинг жүргізіледі. Есірткіні насихаттайтын заңсыз контентті анықтау, бұғаттау және жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Атап айтқанда, Instagram, Facebook, Telegram және басқа да интернет-платформаларда есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттайтын, жарнамалайтын, сондай-ақ оларды заңсыз өткізуге бағытталған ақпараттық материалдарды анықтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Кибербақылау» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 2 мыңнан астам есірткі сайты табылып, бұғатталды. «Антифрод-орталығы» бағдарламасы арқылы жалпы 5 млн теңгеден астам 480 банктік шот, «Аргус» бағдарламасы арқылы 45 мыңға жуық шетелдік шот бұғатталды.
Сонымен қатар – есірткі заттарын заңсыз тарату тәсілдері, жасырын орындар арқылы өткізу және есірткі дүкендерінің қызметін жарнамалау белгілері бар жарияланымдар мен хабарламаларға ерекше назар аударылуда. Профилактикалық жұмыстарға мемлекеттік органдармен қатар білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер мен қоғам белсенділері де тартылуда.
Былтыр, жасөспірімдер арасында заң неге жеңілдетілді. Жаза жеңілдеп қылмыс саны артып жатқандай. 2025 жылы облыс аумағында есірткі қылмыстарына қатысы бар 3 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталған болатын. Биыл да осындай 3 жасөспірім анықталды. Бұл көрсеткіштер жасөспірімдер арасында есірткі қылмыстарының алдын алу жұмыстарын одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты полиция органдары білім беру ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың есірткі қылмыстарына тартылуының алдын алуға ерекше назар аударуда.
Жастардың нашақорлыққа салынуының әртүрлі себебі бар. Наша жастардың есірткіге деген қызығушылығынан туындайды. Бір рет дәмін көргеннен кейін әсерін қайта сезгісі келіп іздей бастайды. Кесапаттың тырнағына іліккен соң басыбайлы құлына айналады. Ол үшін енді ешқандай қуаныш та, қайғы да жоқ. Тіпті, анасы да, әкесі де, ешқандай туысы да жоқ. Оның құны тек қана бір-ақ доза. Ине ұшындағы тағдыр. Бұл кесапаттан қалай құтыламыз? Осы сұрақ бойынша сауалнама жүргіздік. Жауап көп, пікір де сан алуан. Бірі – Қытай, Индонезия, Иран елдері сияқты өлім жазасына кесу керек десе, екіншісі – ауыр жазасыз, ұрпақ тәрбиесінің қажеттігін баса назарда ұстау керек дейді. Адам өмірін қиюға ешкімнің хақысы жоқ. Десе де бұл тұрғыда есірткіні түбімен жойғысы келген, жастар үшін алаңдаған халықты да түсінуге болады. Өйткені, теміртор есірткі тасымалына тосқауыл болар емес.
Есірткінің алдын алу үшін не істеуіміз керек? Айналып келгенде бәрі отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Біз әуелі болашақ ұрпаққа нашаның зиянын тәптіштеп түсіндіруіміз керек. Үйде, білім ордаларында да қоғам дерті күн тәртібінен түспеуі тиіс. Өйткені есірткі сатумен айналысатындар ақша көрсе тез алданатын, ерке шолжаң болып өскен топтарды торуылдауда. Түлкідей құйрығымен ізін көмген қуларға алданып, телегей-теңіз қаржы табамын деп темір торға қамалып жатқан жастар көп. Бұрын тас қаладағы түнгі клубтардан қорқушы едік, бүгінде ауылдағы бір үйде есірткінің егесі отыруы бек мүмкін. Мұны дәлел-дәйексіз айтып тұрғанымыз жоқ. Алтын бесік саналатын ауылда есірткі саудалап ұсталғандар саны артып келетіндіктен жазып отырмыз. Сондықтан бізге бұл дертпен қоғам болып күресу қажет. Ауылдан қылмыскер, есірткіге есі кеткен жастар шықпасын десек ең алдымен біз бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.
Есірткі – өміріңе мысқылдап кіріп, батпандап шықпайтын дерт. Ата-анасының қадағалауынсыз, ертелі-кеш әлеуметтік желіге желімдей жабысып отыратын еркетотайлар еліктегіш келеді. Еліктегіш бала есірткі бизнесімен айналысатындардың оңай құрбаны болады. Сондықтан есірткі есеңгіретпесін десек, дереу отбасындағы тәрбиені қолға алған жөн.
Сурет: 24.kz сайтынан алынды.
Жұлдыз КЕНТБАЕВА





