7 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде жиырма жылдан астам уақыт бойы ауылдық әкімдіктің 1-қабатындағы бейімделген бөлмелерде жұмыс істеп келген мәдениет үйі мен кітапхана ұжымы жаңа ғимаратқа көшті.
Жаңартылған кешеннің жалпы ауданы — 4 500 шаршы метр. Мұнда 340 орындық кең көрермен залы, 20 мыңнан астам кітап қоры бар ауылдық кітапхана және түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған.
«Мәдениет үйі толыққанды жұмысын бастады. Бүгінде мұнда балалардың да, ересектердің де шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. «Мерейлі әжелер» клубы, эстрадалық ән, домбыра, би, қолөнер, велоспорт, футбол, күрес сияқты сегіз мәдени және спорттық үйірме жұмыс істейді. Басты міндетіміз — осы мекемені ауылдың нағыз мәдени өмірінің орталығына айналдырып, алдағы уақытта жаңа бағыттар ашу», — деді мәдениет үйінің директоры Қанат Оспанов.
Жаңа нысандағы спорттық секцияларға, әсіресе грек-рим күресіне жастардың қызығушылығы ерекше жоғары. Қазір мұнда 180 бала жаттығады.
«Бұған дейін жаттығуларды мектептің спорт залында немесе далада өткізуге мәжбүр едік. Қазіргі зал кең әрі ыңғайлы, балалар үш ауысымда — таңертең кіші топ, түстен кейін жасөспірімдер, кешке ересектер жаттығады. Оқушыларымыздың арасында республикалық турнирлердің жеңімпаздары бар, алдағы уақытта осы залдан талай чемпион шығатынына сенеміз», — дейді жаттықтырушы Әділет Нұғыманов.
Ауыл тұрғындары да көптен күткен қуаныштарымен бөлісті.
«Біз осы күнді ұзақ күттік. Енді балалар түрлі үйірмелерге қатысып, ересектер мәдени шаралар мен концерттер тамашалай алады. Жаңартылған ғимарат барлық буын өкілдері бас қосатын ортақ мәдени ошаққа айналды», — деді ауыл тұрғыны Қайрат Мамраев.
Еске салсақ, Бақтыбай ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуі 2020 жылдың мамырында басталып, 2021 жылдың маусымында аяқталуы тиіс болатын. Алайда мердігер ұйым міндеттемелерін орындамай, мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді. Жауапсыз мердігерге қатысты заң аясында тиісті шаралар қолданылып, сот шешімі шығарылды. Жетісу облысы құрылғаннан кейін құрылыс барысы ерекше бақылауға алынып, жұмыс сапалы аяқталды.
Жалпы, облыс құрылғалы бері өңірдегі әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі 55,8%-ға жетті.
Фото: Жұмабай Мұсабеков






