Білім алушыларға нашақорлық, интернет-алаяқтық, дропперлік және буллингтің құқықтық салдары түсіндірілді.
Бастөбе сервистік-техникалық колледжінде «Нашақорлыққа жол жоқ – қауіпсіз болашақ жолы!» тақырыбында білім алушылармен ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіз өмір салтын насихаттау.
Кездесуге полиция бөлімінің қызметкерлері мен колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қатысып, студенттерге бірқатар өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығы мен болашағына тигізетін кері әсері, дропперлік әрекеттерге қатысудың заңдық жауапкершілігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау және жол қауіпсіздігі мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу, өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру, интернет және қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндірілді. Мамандар жеке деректерді бөгде адамдарға бермеудің және күмәнді қаржылық ұсыныстарға сенбеудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында білім алушыларға заң талаптарын сақтау, жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау қажеттігі ескертілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі.





