1-орын — Numia
Командасы: Нұрислам Құрманқұл, Дінмұхамед Рахимов.
Бұл мобильді қосымша тағамның бір ғана фотосуреті арқылы үш секунд ішінде оның калориясы мен АМК (ақуыз, май, көмірсу) мөлшерін есептеп береді. Ал ЖИ-коуч рационда қандай дәрумендер мен элементтер жетіспейтінін айтып, кеңес береді. Сервис орыс тілінде жұмыс істейді және жергілікті асхана ерекшеліктерін ескереді. Қазір команда жобаны тамақтану, ұйқы, спорт, зейін қою және әдеттерді қадағалауды бір арнаға тоғыстыратын Life OS форматында дамытуда. 2026 жылдың шілдесінде App Store-ға шыққан алғашқы аптада-ақ қосымшаға 169 пайдаланушы тіркеліп, алғашқы ақылы жазылым рәсімделді. Сондай-ақ Қазақстандағы Health & Fitness санатында 73-орынға көтерілді.
2-орын — LevelUp
Командасы: Балбала Амангелді, Арсен Өмірхан.
Әлеуметтік желілерде өткізетін уақытты физикалық белсенділікке бағыттайтын SportTech-қосымша. Пайдаланушы өзін алаңдататын қосымшаларды таңдап, Focus режимін іске қосады. Әлеуметтік желіге кірмек болған сәтте жүйе үзіліс жасап, қысқа жаттығу (мысалы, бірнеше рет отырып-тұру) орындауды ұсынады. Камера мен ЖИ алгоритмдері қимылды танып, жаттығу санын автоматты түрде есептейді. Сонымен қатар қосымшада экран уақытын бақылау, жетістіктер жүйесі және жеке прогресті есепке алу функциялары бар. Команда алдағы уақытта дербес жаттығулар, жеке мақсаттар, челлендждер мен достар арасындағы жарыстарды қосуды жоспарлап отыр. Жобаның басты мақсаты — жастардың телефонға телміруін азайтып, қозғалысты көбейту және пайдалы әдеттер қалыптастыру.
3-орын — uide (serpin.ai)
Командасы: Нұрасыл Құнанбай, Әмір Байтықов.
Күнделікті телефондағы бос скроллингті пайдалы дағдылар мен салауатты өмір салтына алмастыруға көмектесетін цифрлық шешім.
Pizza Pitch қатысушыларының жобалары технологиялардың тек уақытты алып қана қоймай, дұрыс тамақтануға, көбірек қозғалуға және экран уақытын тиімді басқаруға көмектесе алатынын дәлелдеді. Әрбір қатысушы сахнада өз идеясын қорғап, қазылар алқасынан кәсіби кері байланыс алды. Келесі питчтердің анонстарын @jetisu_digital Instagram парақшасынан бақылауға болады.






