Жаңа медициналық нысан өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Заманауи талаптарға сай салынатын аурухана стационарлық емдеуді, диагностика мен оңалту қызметтерін бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Жетісу облысының құрылыс басқармасы» ММ, бас мердігері – «AK Construction Company» ЖШС. Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен қаржыландырылатын нысанның жалпы ауданы 18 569 шаршы метрді құрайды.
Аурухана кешені негізгі ғимараттан, жеке тұрған инфекциялық корпустан және қосалқы нысандардан тұрады:
-
Негізгі корпус: қабылдау, хирургия, терапия, педиатрия, травматология, перзентхана, гинекология, реанимация және оңалту бөлімшелері, сондай-ақ операциялық блок, орталық стерильдеу бөлімі мен зертхана.
-
Қосалқы және инженерлік нысандар: инфекциялық корпус, ас блогы, кір жуу орны, 5 автокөлікке арналған гараж, оттегімен жабдықтау станциясы және қазандық.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары жүріп жатыр, оған 14 жұмысшы мен 9 арнайы техника жұмылдырылған. Құрылысты 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Нысан пайдалануға берілген соң Алакөл ауданының тұрғындары заманауи медициналық инфрақұрылым мен кеңейтілген стационарлық қызметтерге қол жеткізеді.





