Интернет алаяқтық – бүгінгі қоғамның ең өзекті әрі қауіпті мәселелерінің біріне айналды. Бір сәттік сенім, бір қоңырау, бір ғана сілтеме адамның жылдар бойы жинаған маңдай терін әп-сәтте жоқ етуі мүмкін. Технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы артып, қылмыстың жаңа түрлері пайда болуда.
Бүгінде интернет – адамзат өмірінің ажырамас бөлігі. Ақпарат іздесек те, сауда жасасақ та, ақша аударсақ та, қолымыздағы смартфонға жүгінеміз. Бір кездері ұзақ уақытты алатын шаруалар бүгінде бірнеше батырманы басумен-ақ орындалады. Алайда цифрлық мүмкіндіктердің есігін айқара ашқан қоғаммен бірге қауіптің де көлеңкесі ұзара түсті. Ол – интернет алаяқтық.Бұрын алаяқтық дегенде біреудің қалтасына қол салған немесе жалған уәдемен алдаған адам көз алдымызға елестейтін. Қазір қылмыскерге құрбанымен бетпе-бет кездесудің де қажеті жоқ. Ол мыңдаған шақырым қашықтықта отырып-ақ, телефонның ар жағынан адамның сеніміне кіріп, сандық технологияны өз мақсатына пайдалана алады. Ең қауіптісі – алаяқтар адамның әлсіз тұсын емес, көбіне сенгіштігі мен бейқамдығын нысанаға алады. Интернет алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе мемлекеттік орган маманы ретінде таныстыру. Телефонның ар жағындағы бейтаныс дауыс өзін ресми мекеменің өкілімін деп таныстырып, адамның жеке деректеріне қатысты мәселе туындағанын немесе есепшотына қауіп төніп тұрғанын айтады. Асығыс шешім қабылдауға итермелеп, үрей туғызады. Осындай сәтте адам жағдайды саралап үлгермей, айтылған нұсқауларды орындап қоюы мүмкін. Ал интернет-дүкендердегі жалған хабарландырулар да талай жанның қалтасын қағып келеді. Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан тауар ұсынған сатушы сатып алушының қызығушылығын оятады. Алдын ала төлем алған соң байланысын үзеді. Сөйтіп, арзан дүниеге қызыққан адам ақшасынан да, уақытынан да айырылады.
Тағы бір алаңдатарлық құбылыс – әлеуметтік желілердегі жалған инвестициялық ұсыныстар. «Аз уақытта мол табыс табасыз», «Ақшаңызды бірнеше есе көбейтеміз» деген жарнамалар әсіресе қаржылық сауаты жеткіліксіз азаматтарды қызықтырады. Алайда оңай олжаға кенелуді уәде еткендердің артында көбіне нақты кәсіп емес, біреудің ақшасын иемденуді көздеген алаяқтық әрекет тұрады.Алаяқтың құралы – технология, нысанасы – адам сенімі
Қазіргі алаяқтардың айласы да заманға сай түрленіп келеді. Жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын ұқсатып жасау, жалған бейнежазбалар әзірлеу, әлеуметтік желідегі парақшаларды қолдан жасау сияқты тәсілдер ақпараттық кеңістіктегі қауіптің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Әсіресе жақын адамның атынан хабарлама келсе, көпшілік күмәнданбай қалуы мүмкін. «Шұғыл ақша керек», «Көмектесіп жіберші» деген өтініштің артында кейде таныс адамның өзі емес, оның парақшасын иемденген алаяқ тұрады. Сондықтан кез келген хабарламаны ақиқат деп қабылдамай, ақпараттың рас-өтірігін анықтау маңызды.Мұндай жағдайлар интернеттегі қауіпсіздік тек техникалық мәселе емес екенін аңғартады. Бұл – ең алдымен, адамның ақпаратты саралау қабілеті мен қаржылық сауатына байланысты мәселе.
Интернет алаяқтықтың алдын алу үшін ең алдымен жеке деректердің құпиялығын сақтау қажет. Банк картасының нөмірін, құпиясөзді, SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамға беруге болмайды. Белгісіз сілтемелерге өтпей, күмәнді хабарламалардағы ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексерген жөн. Ал ақша аударуға қатысты өтініш түссе, хабарласқан адамның шынымен сол адам екеніне көз жеткізу керек. Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу банкке хабарласып, шот пен картаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық қорғау органдарына өтініш беру қажет. Бір қарағанда, интернет алаяқтық жеке адамның басындағы жағдай секілді көрінуі мүмкін. Алайда оның зардабы бір отбасының қаржылық жағдайына, адамдар арасындағы сенімге, тіпті қоғамның цифрлық жүйеге деген көзқарасына әсер етеді. Біреудің жинаған қаражаты, екіншісінің несиеге алған ақшасы, үшіншісінің маңдай термен тапқан табысы-алаяқтар үшін жай ғана олжа. Ал жәбірленуші үшін оның артында қаншама еңбек пен үміт тұрады.
Технологияның дамуын тоқтату мүмкін емес. Бірақ оны қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру өз қолымызда. Өйткені интернеттегі әрбір ұсынысқа сене беру-аңғалдық, ал әрбір күмәнді әрекетті тексеру сақтықтың белгісі.
Жұлдыз Кентбаева.





