Бағдарлама аясында кооператив құрған кәсіпкер 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 35 миллион теңге несие алған. Бұл қаражатқа Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай өңірінен 300 бас қой сатып алып, мал бордақылау ісін қолға алды.
Өз ауласынан бастаған шағын шаруашылығын бүгінде ірі кәсіпке айналдырған азамат 300 басқа арналған жаңа мал қорасын салып, жем-шөп дайындайтын арнайы құрылғылар орнатқан. Қазіргі уақытта қысқы мал азығы толық әзірленген. Кәсіпкер көктемде бордақыланған мал етін Алматы қаласының нарығына жөнелтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, шаруашылықта ауылдың екі тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.
««Ауыл аманаты» бағдарламасы бізге үлкен мүмкіндік берді. Алған қаражатқа 300 бас қой сатып алып, қажетті қора-жай мен құрал-жабдықтарды жасақтадық. Алдағы жылы мал басын 600-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Іс бастаймын деген азаматтар үшін бұл – өте тиімді бағдарлама», – дейді Өнербек Әшімханұлы.
Айта кетейік, биыл Сарқан ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 кооператив құрылды. Аталған бастама ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға оң ықпал етуде.






