7 қараша күні Үштөбе қаласында Құрылтай депутаттары Гүлназ Атамқұлова, Евгений Больгерт және Әсел Баденова жергілікті тұрғындармен жүздесті. Кездесуге Қаратал ауданының әкімі Ұлан Әлдибекұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ прокуратура мен полиция бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Жиын барысында халық қалаулылары Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған негізгі бағыттар мен алдағы міндеттерді кеңінен түсіндірді. Кездесуде білім беру, денсаулық сақтау, балалардың құқықтарын қорғау, салық саясаты, көлік инфрақұрылымын дамыту және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, медицина қызметкерлерін қолдау және әлеуметтік саланы дамыту бағыттарына ерекше назар аударылды.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді, өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасу өтті. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, ел дамуына қатысты маңызды міндеттерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруда тұрғындармен тұрақты байланыс орнату – басты басымдықтардың бірі.






