Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін нығайту жұмыстарын жалғастыра отырып, Жетісу облысы Алакөл ауданының Жайпақ ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті өз жұмысын бастады. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында іске қосылды.
Салтанатты шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Адамбек Оразалинов, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Аханов, сондай-ақ Жетісу облысы ТЖД гарнизонының өкілдері мен жеке құрамы қатысты.
Жайпақ ауылындағы жаңа өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен салынды. Ол 1 124-тен астам тұрғыны бар елді мекенді өрт қауіпсіздігінен қорғауға арналған. Қызметті ұйымдастыру үшін Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті арнайы өрт сөндіру автоцистернасын табыстады. Сондай-ақ бөлімше қажетті байланыс құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз етілді, ал кезекшілікке дайындықтан өткен жеке құрам кіріседі.
Қызметті толыққанды ұйымдастыру үшін ғимаратта барлық қажетті жағдайлар қарастырылған: өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған бокс, диспетчерлік, қызметтік кабинеттер, тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмесі және асүй. Жасалған инфрақұрылым жеке құрамның тәулік бойы тиісті жағдайда кезекшілік атқаруына мүмкіндік береді. Ғимарат электр қуатымен жылытылады.
Салтанатты шара барысында Жетісу облысы ТЖД басшылығы өрт сөндіру бекетінің құрылысына сүбелі үлес қосқан азаматтарға ведомстволық наградалар табыстады.
Бөлімшенің ашылуы өрт-құтқару көмегін халыққа жақындатуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді арттыруға және өрт сөндіру расчеттерінің келу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе бөлімшелердің уақтылы келуі адамдарды құтқаруда және мүлікті сақтап қалуда шешуші рөл атқаратын ауылдық жерлер үшін аса маңызды.

Фотоларды Жетісу облысының ТЖД ұсынды





