Қаратал ауданында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қосу жұмыстары жалғасуда. Соның нәтижесінде Айту би ауылдық округіндегі жер телімін тиімді пайдалануға алған «Tamshi Technology» ЖШС биыл 230 гектар алқапқа егін екті.
Шаруашылық директоры Ерғазы Бақытхан арнайы конкурс арқылы игерілмей жатқан жер учаскесін алып, оны ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға кіріскен. Қазіргі таңда серіктестік егін шаруашылығымен айналысып, заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыруға басымдық беріп отыр.
2026 жылы егілген 230 гектар алқаптың 30 гектарына күнбағыс орналастырылған. Оның әр гектарынан 3 тоннадан өнім жиналды. Ал қант қызылшасын жинау жұмыстары әлі жалғасуда. Алдын ала болжам бойынша, бұл дақылдың әр гектарынан 60-70 тонна өнім алу жоспарланып отыр.
2012 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан Ерғазы Бақытхан шаруашылықты дамытуға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық береді. Бүгінде серіктестікте 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.





