Елдің өркендеуі мен мемлекеттің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдағы әділдікке, заң үстемдігіне және азаматтардың жауапкершілігіне байланысты. Тәуелсіздігімізді нығайтып, келешек ұрпаққа кемел мемлекет қалдыру жолында адалдық пен парасаттылықты басты құндылыққа айналдырудың маңызы зор. Өйткені қоғамның дамуына кедергі келтіріп, халықтың мемлекетке деген сеніміне сызат түсіретін қауіпті құбылыстардың бірі – сыбайлас жемқорлық.
Халқымыз «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп, адам бойындағы ашкөздік пен нәпсіқұмарлықтың қауіпті екенін ертеден ескерткен. Бүгінде кейбір азаматтар үшін байлық пен мансап өмірдегі басты мақсатқа айналғандай. Алайда адамның қадір-қасиеті қызмет дәрежесімен немесе материалдық жағдайымен емес, ар-ұятымен, парасатымен және адал еңбегімен өлшенуі тиіс.
Далай Лама айтқандай: «Адамдарды жақсы көріп, дүниені пайдалану керек. Біз керісінше дүниені жақсы көріп, адамдарды пайдаланудамыз». Бұл ой қазіргі қоғам үшін де маңызды. Материалдық игілікті адамдық құндылықтардан жоғары қою, жеке басының пайдасын қоғамдық мүддеден биік санау – әділетсіздікке бастайтын жол. Ал мұндай көзқарас тамыр жайған жерде жемқорлықтың да белең алу қаупі артады.
Сыбайлас жемқорлықтың зардабы белгілі бір мекеме немесе жеке адаммен ғана шектелмейді. Ол қоғамдағы теңдік пен әділдік қағидаттарын әлсіретіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді. Еңбек пен білімнің орнына таныстық пен заңсыз сыйақы алдыңғы орынға шықса, адал азаматтың еңбегі бағаланбай, әділетсіздікке жол ашылады. Мұның салдары ел экономикасына, әлеуметтік тұрақтылыққа және мемлекеттің даму қарқынына кері әсерін тигізеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Жетісу облысында да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері ерекше маңызға ие. Әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары және мемлекеттік сатып алу секілді әлеуметтік маңызы бар салаларда заңдылық пен ашықтық қағидаттарының сақталуы – қоғам сенімін нығайтудың маңызды шарты.
Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы тек уәкілетті органдарға ғана емес, әрбір азаматтың белсенді ұстанымына байланысты. Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заңсыз әрекеттерге бейжай қарамауы және қоғамдық бақылауға қатысуы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, қоғамда парасаттылық пен адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттау қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек жазалау шараларына сүйену жеткіліксіз. Заң бұзған адам тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс. Дегенмен мәселенің түпкі шешімі – оның алдын алу, адам санасын өзгерту және адалдықты өмірлік ұстанымға айналдыру. Ол үшін мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына уақытылы назар аудару, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайту маңызды.
Жемқорлықтың алдын алуда отбасы тәрбиесінің де орны ерекше. Бала кішкентайынан өзгенің еңбегін құрметтеуді, шындықты айтуды, әділетсіздікке жол бермеуді үйренуі керек. Өйткені адалдық туралы айтылған сөзден гөрі, күнделікті өмірде көрсетілген өнеге әлдеқайда әсерлі. Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау арқылы ғана парасатты, намысты, ел мүддесін жеке басының пайдасынан жоғары қоятын азаматтарды қалыптастыра аламыз.
Сонымен қатар әрбір адам өз ісіне сын көзбен қарап, заң талаптарын сақтауға міндетті. Қандай жағдайда да әділдіктен аттамау, заңсыз пайдаға қызықпау, өзгенің құқығын құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі. Пара беру де, пара алу да қоғамға зиян келтіретінін түсінуіміз қажет. Өйткені жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Жетісу өңірінде адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайту – тек мемлекеттік органдардың емес, барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Әр азамат заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытып, әділдік пен адалдықты күнделікті өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруға нақты қадам жасай аламыз.
Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлық – елдің дамуына тұсау болатын, халықтың бірлігі мен сеніміне нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Оны жеңу үшін заңның үстемдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әр адамның бойында адалдық, әділеттілік және жауапкершілік қағидаттарын орнықтыру қажет. Ар-намысты биік ұстаған, еңбекті бағалаған және ұрпақ тәрбиесіне мән берген қоғам ғана жарқын болашаққа нық қадам баса алады.
Адалдық – адамдықтың белгісі, әділдік – қоғамның тірегі. Жемқорлыққа қарсы күрес әрқайсымыздың өзімізден басталады!
Айбек БЕЙСЕМБЕК





