Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауындағы стратегиялық бағыттарды түсіндіру және оларды жергілікті жерде іске асыру тетіктерін саралау мақсатында Көксу ауданында маңызды кездесу өтті. Аудан активімен өткен бұл жүздесуге Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Қайрат Кереев, ҚР Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков арнайы келіп қатысты.
Басқосу барысында аграрлық сектордың әлеуетін арттыру, мемлекеттік қаржы ресурстарын тиімді пайдалану және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері кеңінен сөз болды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова заманауи технологияларды енгізу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру және өнімді терең өңдеу мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл ретте Көксу ауданындағы қант зауытының өндірістік әлеуетін толық пайдалану, қант өндірісін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа сапалы түрде шығару маңызды міндет екені айтылды.
Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру, қаржылық тәртіпті қатаң сақтау және мемлекеттік шығыстардың нәтижелілігін арттыру жайын түсіндірді. Мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесі ел игілігіне қызмет етіп, әсіресе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын жол, су, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандардың сапасы басты назарда болуы тиіс екендігі жеткізілді.
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова мемлекет дамуы қоғамның белсенділігімен және ортақ жауапкершілікпен тығыз байланысты екенін атап өтті. Кездесу соңында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлау Базилов пен ауыл ұстаздары көкейде жүрген маңызды мәселелерін ортаға салып, сұрақтарына тиісті жауаптар алды. Жиын қорытындысында өңірді дамытудың басым бағыттары айқындалып, Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау барша қоғамның ортақ ісі екендігі атап көрсетілді.
(Авторы: Айгүл Байбосын, суретті түсірген: Қанат Мақанұлы, Көксу ауданы)





