Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Жетісу облысына іссапары аясында Ескелді ауданының активімен және тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімі Елдос Ахметов жүргізген басқосу Қарабұлақ ауылындағы аудан әкімдігінің ғимаратында өтті. Іс-шараға мекеме мен ұйым басшылары, қоғам өкілдері, жергілікті белсенділер мен тұрғындар қатысты.
Жиында Ескелді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Делегация мүшелері ауданның аграрлық сектордағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және көлік-логистика саласындағы стратегиялық маңызына арнайы тоқталып өтті.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған өзекті сауалдарын қойып, нақты ұсыныстарын білдірді. Басқосу қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді жедел шешу және жергілікті жерлердегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар мен міндеттер белгіленді.
(Авторы: Қажет Андас, суретті түсірген: Қанат Мақанұлы, Ескелді ауданы)





