Талдықорған қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ҚР Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен ҚР Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова аға буын өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын түсіндіру және тұрғындармен пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылған басқосуға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев пен БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар орталықты аралап, қарттарға жасалған жағдайлармен және ұсынылатын қызмет түрлерімен танысты. Мұнда аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын күтуіне және қолөнер, спорт (шахмат, теннис, йога), шығармашылық бағытында бірігіп араласуына барлық мүмкіндіктер жасалған.
Кездесуде сөз алған депутат Наурыз Сайлаубай мен Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова орталықтағы үлкендердің жоғары белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, мұндай ортаның аға буынның өмір сүру сапасын арттырудағы ерекше маңызын атап өтті. Басқосу соңында қарттарды әлеуметтік қолдау, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау бойынша қойылған ұсыныстар тыңдалып, нақты жауаптар берілді.





