Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді түсіндіру және өңірдің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ҚР Құрылтайы мен Үкімет өкілдері Жетісу облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ҚР Құрылтай депутаттары Екатерина Смолякова мен Наурыз Сайлаубай, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Қайрат Кереев пен Руфина Усанова, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мен Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Талдықорған қаласында және өңір аудандарында бірқатар маңызды басқосулар өткізді.
Талдықорғандағы Достық үйінде өткен алғашқы кездесуде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланып, Жалпыұлттық құрылыс жылы аясында халыққа ең қажетті ғимараттарды жаңартуға басымдық берілетіні айтылды. Бұдан соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдердің қатысуымен жиын өтіп, онда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау тетіктері сөз болды. Сондай-ақ паралимпиадашылармен өткен басқосуда инклюзивті қоғам қалыптастыру, ерекше қолдауды қажет ететін 240 мыңға жуық балаға арналған заң жобасын әзірлеу, ерте диагностика жүйесін дамыту және паралимпиадалық спортқа мемлекеттік қолдауды жалғастыру мәселелері көтерілді.
Аймақтағы жұмыс сапары одан әрі өндіріс, білім беру және әлеуметтік мекемелерде жалғасты. Оның ішінде Тіл сарайында облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен жүздесу өтіп, «Қайнар АКБ» ЖШС ұжымымен кездесуде отандық өндірісті дамыту мен жұмысшыларды баспанамен қамту жайлары сараланды. Ал Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдерінің тұрмыс сапасын жақсарту ұсыныстары тыңдалып, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жоғары білім беру сапасы мен өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру жайы талқыланды. Сапар соңында республикалық топ өкілдері Көксу және Ескелді аудандарына барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Фотосуреттерді түсіргендер: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өміралинов





