«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қаратал ауданында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Экологиялық бастама аясында өңірді көгалдандыру мақсатында жалпы саны 600 түп терек көшеті отырғызылды.
Жас көшеттер аудан орталығы Үштөбе қаласының кіреберіс аумағына және барлық ауылдық округтерге егілді. Туған өлкесінің көркеюіне өз үлестерін қосу үшін Үштөбе қаласында өткен бұл игі іске 100-ден астам жергілікті азамат белсенді түрде қатысты.
Ағаш отырғызу – қоршаған ортаны қорғаудың және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды жолдарының бірі. Жасыл желек ауаны тазартып, шаң-тозаңды азайтады, сондай-ақ елді мекендердің көркін арттырып, келер ұрпаққа қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға ықпал етеді. Табиғатты аялау – баршамызға ортақ міндет десек, бүгін егілген әрбір көшет – болашақтың жасыл келбетіне қосылған елеулі үлес.
Айта кетейік, егілген 600 түп терек ағашы демеушілер тарапынан сыйға тартылды. Өз есімінің жарияланбауын өтінген жомарт азаматтың бұл қайырымды қадамы – елге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, аты-жөні аталмаса да, туған жердің көркеюіне қолдау білдірген азаматқа жергілікті жұртшылық ризашылығын білдіреді.





