Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сарқан ауданының әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады.
Туристік маусым кезінде Балхаш көлі жағалауының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Балқаш Тазалық» атты жаңа мекеме құрылмақ. Мекеме құрамында 22 арнайы техника жұмыс істеп, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Маусымдық емес кезеңде кәсіпорын аудан аумағын абаттандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын орындайды.
Ауданның аграрлық секторында 48 млрд 279 млн теңге өнім өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім байқалады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 млрд 828 млн теңге болды. Жылдық жоспар — 13 млрд 480 млн теңге.
10 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 34 млрд 266 млн теңге болып жоспарланған. 2025 жылдың 9 айында 15 646 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығында шамамен 99 мың га алқап себілген, оның ішінде дәнді дақылдар – 52 852 га, майлы дақылдар – 29 453,4 га, қант қызылшасы – 3 801,6 га. Жалпы өнім көлемі 142 330 тонна жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Көкөрек ауылында 1 кооператив құрылып, жобаның құны 31 млн теңге болды. 2025 жылы сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасының саны – 66 дана.
Сарқан қаласының «Болашақ» ықшам ауданында 2 5-қабатты, 60 пәтерлі үй құрылысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін 50 тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 820 азамат бар.
Инфрақұрылым саласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қойтас паркі абаттандырылды. Сарқан қаласында 3 км ұзындығында жаяу жүргіншілер жолы төселіп, пайдалануға берілді.
Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары ауқымды жүргізілуде. «Алматы-Өскемен» автожолының 325–410 км аралығы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу үшін 6 нысанға 448,187 млн теңге бөлінді. Қысқы күтімге 37 млн теңге қарастырылған.
Сарқан ауданының 36 елді мекеннің 28-і орталықтандырылған сумен жабдықталған. Ауыз су желілерінің жалпы ұзындығы 325,94 км. Сарқан қаласының жоғарғы су торабы бойынша жөндеу жұмыстары 89% орындалды.
Білім беру саласында 28 мектеп және 12 мектепке дейінгі мекеме (оның ішінде 6 жеке меншік) жұмыс істейді. Биыл жаңа модификациялық кабинеттер, STEM және робототехника кабинеттері алынды.
Денсаулық сақтау саласында 27 мекеме жұмыс істейді. 76 дәрігер және 319 медбике қызмет атқарады. 10 мың адамға шаққандағы дәрігерлермен қамтылу – 21,6%, орта медициналық қызметкер – 90,8%. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша бірнеше ауылда ФАП және БМК құрылысы жоспарланған.
Мәдениет саласында 13 мәдениет үйі мен клуб, 13 кітапхана, 2 мұражай, 1 мұрағат қызмет атқарады. Бақалы ауылындағы мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұқаралық спорт бойынша 112 нысан, оның ішінде 403 спорт секциясы, спортпен айналысатын 16 375 адам бар. Туризм саласында 24 объект, 2025 жылы 27 мың демалушы қабылданды. Балқаш көлінің жағасын инженерлік-коммуникациялық жүйелермен дамытуға 3,7 млрд теңге бөлінді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылуда. Барлық бастамалар халық игілігіне, өңірдің өркендеуіне және елдің дамуына қызмет етеді.




