Жетісу өңірі ежелден шипалы өсімдіктерге бай өлке ретінде танымал. Бүгінде осы табиғи байлық отандық табиғи косметика брендтерінің дамуына жол ашып отыр. Өңірдің өсімдік әлемін тиімді пайдаланып, ұлттық өндірісті дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қатарында «Жасыл Жетісу» брендінің негізін қалаушы Жанна Жанабаева мен Gul Dala & Go брендінің негізін қалаушы Әсем Рахманқызы бар, — деп хабарлайды ortcomjetisu.kz.
«Жасыл Жетісу» брендінің тарихы 2022 жылы Жанна Жанабаеваның үй жағдайында жасаған алғашқы тәжірибелерінен басталған. Өсімдіктерге деген қызығушылығы уақыт өте келе кәсіпке ұласты. Алғашында табиғи сабын мен гидролат дайындаудан бастаған кәсіпкер 2024 жылы қолдан жасалатын косметика өндіретін шағын цех ашты.
Бүгінде өнімдердің негізгі құрамын Текелі қаласының маңы мен таулы аймақтардан жиналатын, сондай-ақ арнайы өсірілетін жергілікті өсімдіктер құрайды. Қазіргі таңда бренд табиғи сабын мен гидролат өндіреді. Сонымен қатар сусабындар мен өсімдік мацераттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, өсімдік майларын өндіруді қолға алу жоспарланған.
Ал 2018 жылы Әсем Рахманқызы негізін қалаған Gul Dala & Go бренді шаш пен дене күтіміне арналған өнімдер шығаруға маманданған. Өндірісте Текелі маңынан жиналатын қалақай, түйежапырақ, түймедақ, шайқурай, тасшөп, қырмызыгүл секілді дәрілік өсімдіктер қолданылады.
Кәсіпорынның алғашқы өнімі қара зере майы қосылған сусабын болды. Бүгінде бренд ассортиментінде сусабынның бес түрі, шашқа арналған май және буын күтіміне арналған крем бар. Бұдан бөлек, 40 түрлі өнімнің рецептурасы әзірленген. Компания алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, Текелі қаласында заманауи өндіріс орнын ашуды көздеп отыр.
Қос кәсіпкердің кәсібі әр кезеңде қалыптасқанымен, мақсаттары ортақ. Олар – отандық өндірісті дамыту, жергілікті табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және Жетісудың әлеуетін жаңа қырынан таныту. Бұл жобалар туған өлкенің өсімдік әлеміне деген қызығушылықтың бәсекеге қабілетті қазақстандық бренд қалыптастыруға және өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға негіз бола алатынын көрсетеді.
«Жасыл Жетісу» брендінің негізін қалаушы Жанна Жанабаевамен сұхбат
– Жанна, «Жасыл Жетісу» брендінің тарихы қалай басталды?
– Мен бұған дейін де шөптер мен өсімдіктерге қызығатынмын. Олардың қасиеттерін зерттеп, пайдасын танып-білуге әрдайым ынтам зор болды. Алғашында барлығын өз бетімше үйреніп, үй жағдайында өнім дайындадым. Біртіндеп гидролаттар мен табиғи сабын жасап көре бастадым. Үнемі жаңа нәрсені байқап, өндіріс үдерісін тереңірек меңгеруге және өнімдерімді жетілдіруге тырыстым. Уақыт өте келе бұл істі одан әрі дамытқым келетінін түсіндім. Сөйтіп, кәсібімді кеңейтіп, өндірісті бір жүйеге келтіруді қолға алдым.
– Неліктен табиғи косметика өндіруді таңдадыңыз?
– Табиғаттың бізге сыйлаған байлығын тиімді пайдалану идеясы маған өте жақын. Біздің өңірде қасиеті ерекше, әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін өсімдіктер көп. Жергілікті шикізаттың мүмкіндігін ашып, табиғи құрамдас бөліктер мен өз тәжірибемді ұштастыра отырып сапалы өнім шығарғым келді.
– Қазіргі таңда қандай өнімдер шығарасыздар?
– Қазір табиғи сабын мен гидролат өндіреміз. Сонымен қатар сұйық және қатты сусабындар, өсімдік мацераттары секілді жаңа өнімдер әзірлеп жатырмыз. Алдағы уақытта ассортиментті біртіндеп кеңейтіп, тұтынушыларға күтімге арналған түрлі өнім ұсынғымыз келеді.
– Брендтің алдағы жоспарлары қандай?
– Ең алдымен, өндірісті дамытып, жаңа жабдықтар сатып алуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ өсімдік майларын суық және ыстық сығымдау әдісімен өндіруді жолға қойғым келеді. Мен үшін «Жасыл Жетісу» брендінің дамып, танымал болуымен қатар, сапалы отандық өнімнің белгісіне айналуы маңызды.
Gul Dala & Go брендінің негізін қалаушы Әсем Рахманқызымен сұхбат
– Әсем, Gul Dala & Go бренді қандай өнімдер шығарады? Негізгі бағытыңыз қандай?
– Біз шаш пен дене күтіміне арналған өнімдер өндіреміз. Өнімдеріміздің құрамында табиғи өсімдік компоненттері қолданылады. Мәселен, сүйелшөп, тасшөп және қырмызыгүл негізінде буын күтіміне арналған крем шығарамыз. Сонымен қатар шашты жұмсартатын сусабын мен шашқа арналған май өндіреміз.
– Неліктен дәрілік өсімдіктерге басымдық бересіздер?
– Текелі қаласының айналасында пайдалы қасиеттері бар өсімдіктер өте көп. Олардың арасында халықтық медицинада ежелден қолданылып келе жатқан шөптер де бар. Біз жергілікті шикізатты өнім өндіруде пайдалануға ерекше мән береміз. Осы арқылы туған өлкеміздің табиғи байлығы отандық өндірістің дамуына негіз бола алатынын көрсеткіміз келеді.
– Бренд ассортименті қалай дамып келеді?
– Жаңа өнімдерді әзірлеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Қазір табиғи шөптер негізінде дайындалған сусабынның бірнеше түрі және шаш пен дене күтіміне арналған өзге де өнімдеріміз бар. Жалпы, 40 түрлі өнімнің рецептурасын әзірледік. Ендігі мақсатымыз – олардың өндірісін кезең-кезеңімен жолға қойып, ассортиментті кеңейту.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Басты мақсатымыз – өндіріс көлемін ұлғайту. Текелі қаласында заманауи кәсіпорын ашып, болашақта ірі зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Бұл өнім көлемін арттыруға және қазақстандық брендті дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұтынушылар біздің өнімдерімізді танып, сапалы күтім құралдарын өз елімізде де, туған өлкенің табиғи байлығын пайдалана отырып өндіруге болатынына көз жеткізсе дейміз.
Екі кәсіпкердің де өмір жолы мен кәсіби тәжірибесі үлкен істің шағын қадамнан басталатынын аңғартады. Бірі үй жағдайындағы шағын шеберханадан бастаса, енді бірі жергілікті өсімдіктердің қасиетін зерттеуді кәсіпке айналдырды. Екеуіне де ортақ құндылық – туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғи байлықты тиімді пайдалану. Бұл – Жетісудағы кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп қана қоймай, қазақстандық өндірістің жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашатын игі бастама.





